Алматыда автобуста ер адам бұрынғы әйеліне пышақ салмақ болған

Автобуста ер адам бұрынғы әйеліне пышақ алып жүгірген


05/08/2022
12:21 30792 0

Алматыда автобуста ер адам бұрынғы әйеліне пышақ алып жүгірген. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Дина Таңсәрі өзінің facebook парақшасында жазды. 

 

Оның сөзінше, ер адам шілденің 31-і күні №38 автобуста бұрынғы әйеліне пышақ алып жүгірген. Ер адам әйелін төрт күн бойы аңдыған. 

 

– 31 шілдеде сағат 22:30-да Саин және Рысқұлов көшелерінің қиылысында №38 автобуста 27 жастағы екі баланың анасына бұрынғы күйеуі пышақпен шабуыл жасады. Оған автобус жолаушылары куә болды. Ол оны төрт күн бойы жұмысының алдында аңдыған. Осы уақыт аралығында әйел басқа есіктен шығып жүрген. Сол күні ол автобусқа мінген,  дейді Таңсәрі. 

 

Бұдан бөлек, Дина Таңсәрі әйел адамның осы уақытқа дейін күйеуінің үстінен полицияға шағымданғанын айтады. 

 

– Ер адам бұған дейін бұрынғы әйеліне бірнеше рет қол көтерген. Осыған байланысты ол полицияға да шағымданған. Олардың ажырасқандарына екі жыл болған. Бірақ ер адам әлі күнге дейін бұрынғы әйелін аңдып, жеке өмірін бақылауда. Сол күні ол оны өлтіремін деп пышақ алып жүгірген. Жүрек тұсына пышақ салмақ болған. Автобустағы адамдар оның жолын бөгеп, ойлағанын іске асыра алмаған, – дейді Таңсәрі.

 

Қазір аталмыш оқиға бойынша пышақ алып жүгірген ер адам сот шешімімен 15 тәулікке қамалған. Дина Таңсәрі бұл шешіммен келіспейді. Оның сөзінше, бұл адам өлтіруге талпыныс. Сол себепті де іс қайта қаралуы тиіс. 

Поделиться

Нет комментариев.

05/08/2022 12:21
30792 0

Уведомление